2020 жылғы 27 мамырда Қостанай облыстық мәслихатының депутаты    Е. Әбілдің төрағалық етуімен Қостанай облыстық мәслихаты алтыншы шақырылымының кезекті 18-ші сессиясы болып өтті.

Сессия жұмысына Қостанай облысының әкімі А.Б. Мұхамбетов, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С.Е. Ещанов, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияда барлығы 9 мәселе қаралды. Сессия бейнеконференция байланысы режімінде өтті.

Күн тәртібінің негізгі мәселесі бойынша – Қостанай облысының 2019 жылғы облыстық бюджетінің атқарылуы туралы Қостанай облысы әкімдігі қаржы басқармасының басшысы А.Ә. Жүсіпованың, Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Д. А. Костюковтың баяндамалары, сондай-ақ Қостанай облыстық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрағасы   А.І. Дощанованың ақпараты тыңдалды. Бұған дейін мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында облыстың Қоғамдық кеңесімен бірге бюджеттік бағдарламалар әкімшілері де тыңдалған болатын.

Жалпы алғанда, облыстық бюджеттің есепті жылғы атқарылу динамикасы облыстық басқармалардың бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу бойынша оң жұмысын көрсетті.

Бұл қорытындылар мақсатқа қол жеткізу тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижелерімен расталады. 2019 жылы жедел ақпарат бойынша ықтимал 100 балдан 79,36 балл алынды, бұл орташа тиімділікке сәйкес келеді. 2016 жылдан бастап 2019 жыл аралығындағы кезеңде оң динамика байқалады  (2016 жылы – 61,88 балл, 2017 жылы – 73,54 балл, 2018 жылы – 78,98 балл).

Сондай-ақ, сессияда 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылауға, облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланғаны үшін 2020 жылға  арналған  төлемақы ставкаларын бекітуге қатысты мәселелер қаралды, Қостанай облысы әкімдігінің дербес комиссияларының құрамына өзгерістер, «Қостанай облысы бойынша Тексеру комиссиясы»  ММ туралы ережеге өзгерістер енгізілді, кезекті сессия төрағасының есебі тыңдалды және Қостанай облыстық мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібі бекітілді.

Депутаттар сессияға енгізілген барлық шешімдердің жобаларын бірауыздан қолдады.