2021 жылғы 22 сәуірде Б.А. Тибеевтің төрағалығымен облыстық мәслихаттың бюджет, экономиканы дамыту, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының «Қостанай облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» бірлескен облыс әкімдігінің қаулысы мен облыс мәслихаты шешімінің жобасын қарау туралы»  жоспардан тыс мәселені қарау жөніндегі отырысы өтті. Мәселе Лисаков қаласы Красногор ауылының бағыныстылығын өзгертуге және Қамысты ауданының әкімшілік бағыныстылығына беруге қатысты болды. Бұл мәселені облыс әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар көтерді.

Мәселе мынада, Красногор ауылы Лисаков қаласының әкімшілік бағынысында, ал аумақтық жағынан Қамысты ауданының жерлерінде орналасқан, сол себепті тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға, сондай-ақ кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндігі жоқ, бұл туралы Лисаков қаласының және Қамысты ауданының әкімдері баяндады.

Қала және аудан депутаттары, сондай-ақ ауыл тұрғындары ауылдың бағыныстылығын өзгерту мәселесін қолдады.

Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша бірлескен шешім мен қаулының жобасын Қостанай облыстық мәслихаты сессиясының бекітуіне енгізу туралы қаулы шығарылды.