Бүгін облыстық мәслихаттың депутаты   Н.А. Утеулиннің төрағалығымен Қостанай облыстық мәслихаты жетінші шақырылымының кезекті II сессиясы өтті.

Сессия күн тәртібінің негізгі тақырыбы «Іске асырылатын мемлекеттік бағдарламаларға жастардың қатысуы туралы және Қостанай облысында жастар үшін тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесу бойынша пәрменді тетіктерді әзірлеу туралы» жоспарлы мәселе болды.

Бүгінгі таңда тұрғын үй мәселелері жастар үшін айрықша өзекті. Осыған байланысты, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы М.Жұрқабаев жастар мен жас отбасыларға тұрғын үй сертификаттарын өтеусіз негізде беру бойынша өңірлік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Осы ұсынысты мәслихат депутаттары белсенді түрде қолдады, оның үстіне осындай бағдарламалар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында іске асырылып жатыр.

Сондай-ақ сессия шеңберінде Қостанай облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы мәслихат шешімінің жобасы бекітілді. Мәселен, біздің облыста денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, мәдениет, тау-кен өнеркәсібі және спорт саласындағы мамандар тұрғын үй сертификаттарына үміткер бола алады.

Әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін айқындау мәселесі бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы          О.Ж. Нұрғалиев сөз сөйледі. Әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне Троебрат – Қостанай (ауданаралық (қалааралық, облысішілік) бағыты енгізілді.

Айта кету керек, барлық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында егжей-тегжейлі қаралды, онда облыс әкімдігі салалық басқармаларының баяндамалары тыңдалды.

Депутаттар ұсынылған барлық жобаларды бірауыздан қолдады.