2019 жылғы 10 шілдеде облыстық мәслихаттың хатшысы С. Е. Ещановтың төрағалығымен алтыншы шақырылған Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Е. М. Спанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары С. Ш. Бектұрғанов және Ж. М. Нұрғалиев, облыстық мәслихаттың депутаттары, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың, Облыстың Қоғамдық кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияның негізгі мәселелері: 2019 – 2021 жылдарға арналған Қостанай облысының бюджетіне өзгерістер енгізу және «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы.

Сессияда барлығы 5 мәселе қаралды. Алдын ала қарауды талап ететін мәселелер А. Ө. Байғабеловтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың бюджет, өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаралды.

Бірінші мәселе бойынша Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Г. Г. Мұсағазина сөз сөйледі. Г. Г. Мұсағазина өз баяндамасында облыстық бюджетті нақтылаудың негізгі себебі мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша қалыптасқан үнемдеудің қайта бөлінуі, сондай-ақ облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюы болып табылатынын атап өтті. Оның ішінде 500,0 млн.теңге «Түркістан облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 452 қаулысына сәйкес Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталады.

Қостанай облысы әкімінің ұсынысына сәйкес кезектен тыс сессияның қарауына келесі үміткерлерге Баязид Жолбарысқа, Серікбай Жұмабекұлы Бисетаевқа, Сергей Михайлович Жалыбин мен Ризван Мағзұмұлына «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселе енгізілді. «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағына ие болған адамдарға төсбелгілері, куәліктер мен естелік ленталар қоғамдық-маңызды іс-шарада салтанатты жағдайда табыс етіледі.

Кадрлық өзгерістерге байланысты сессияда кейбір консультативтік-кеңесші органдардың құрамына өзгерістер енгізуге қатысты мәселелер қаралды. Сессияға енгізілген барлық шешімдердің жобалары бірауыздан бекітілді.

Соңында депутаттар алдында Қостанай облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ж. М. Нұрғалиев сөз сөйледі.