5 наурызда облыстық мәслихаттың депутаты Гульмира Капенованың төрайымдылығымен мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

Депутаттардың қарауына Қостанай облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы мәслихат шешімінің жобасы ұсынылды.

Тұрғын үй мәселелері тақырыбы бүгінгі күні өзекті болып қалуда және жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдардың едәуір бөлігін құрайды. Сондықтан бұл мәселені депутаттар белсенді түрде талқылады. Жобаны әзірлеушілер барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Мәселен, облыстық құрылыс, сәулет, қала құрылысы басқармасының басшысы Б.Таңжарықов қандай шарттармен және халықтың қай санаттарына тұрғын үй сертификаттары берілетінін түсіндірді.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А. Хұсайынова санаттар тізбесі белгілі бір салалардағы мамандарға деген қажеттілікпен де айқындалатынын атап өтті. Мысалы, біздің облыста сұранысқа ие мамандарға қажеттілік 809 бірлікті құрады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, мәдениет, тау-кен салалары және спорт.