Ақпарат мына сайттан алынды:http://kostanaytany.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында төтенше жағдай режимі тоқтатылғанмен, бірқатар шектеулердің алынбайтындығын, карантин талаптарының әлі де сақталатынын атап өтті. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені, коронавирус індеті біздің елімізде де толық жойылған жоқ, сондықтан пандемия халықтың денсаулығына әлі де болса қауіпті. Біздің өңірде де дерттің таралуы деңгейі бәсеңдемей отыр. Мемлекет басшысы карантин шектеулерін толық алып тастауға әзірге тиімсіз екендігін, ол өңірлердегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатындығын айтты ғой. Сол себепті, бәріміз шыдамдылық танытып, карантин талаптарын қатаң сақтап, індетпен күні-түні күресіп жатқан дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне де қолдау білдірейік. Мұның бәрі өзіміздің денсаулығымыз үшін екенін естен шығармайық. Карантин шараларын бір кісідей сақтасақ, коронавирус індетін де барынша аз шығынмен өткереміз. Қауіптің бетін қайтаратын басқа тиімді амал жоқ. Рас, әлемді әуреге салған бұл дерттің қоғамымызға да тигізіп отырған залалы үлкен. Біраз адамдар табысынан, жұмысынан айырылды. Ел экономикасы үшін маңызды өндіріс орындарының да жұмысы тұралап қалды. Дегенмен, үкімет те қарап жатқан жоқ. Қаншама миллиардтаған қаржы бөліп, ел халқына әлеуметтік қолдау-көмек көрсетуде. Еріктілер тарапынан да қаншама қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, жағдайы төмен отбасыларға азық-түліктей көмек көрсетіліп жатыр. Осының бәрі біздің халқымыздың бірлігінің, ұйымшылдығының арқасы деп білемін. Олай болса, бүгінгі қиындықты осындай ауызбіршілік пен карантиндік ережелерді сақтаудың арқасында жеңеріміз сөзсіз. Ең бастысы, шыдамдылық танытайық, қатерлі індеттен құтылсақ, әлі талай қуанышты күндерді өткізетінімізге сенімдімін.