2019 жылғы 20 желтоқсанда облыстық мәслихаттың депутаты Е. Смышляеваның төрағалық етуімен Қостанай облыстық мәслихатының алтыншы шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті.

Сессия жұмысына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Е. М. Спанов, облыстық мәслихат депутаттары, бірқатар облыстық департаменттердің басшылары, облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың, Қостанай облысының Қоғамдық кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияда барлығы 8 мәселе қаралды.

Күн тәртібінің мәселесі бойынша – мәслихаттың 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 347 «Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж. Т. Шаймарданова сөз сөйледі. Бюджет заңнамасына сәйкес бұл қаражат 2020 жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары ретінде жұмсалады, олар бюджетті нақтылау арқылы келесі жылдың шығыстарын қаржыландыруға бағытталатын болады.

131,3 млн. теңге сомасындағы қаражатты үнемдеу келесі әкімшілер бойынша алынды: Дене шынықтыру және спорт басқармасы – 46,0 млн. теңге, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы – 37,9 млн. теңге, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы – 32,9 млн. теңге, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы – 9,7 млн. теңге, білім басқармасы – 4,6 млн. теңге, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы-100 мың теңге. Сондай-ақ, 49,8 млн. теңге Қарасу, Қостанай аудандары мен Арқалық қаласы бюджеттерінің кіріс бөлігінің орындалмауына байланысты шығындарды өтеуге жіберу ұсынылады.

Депутаттар сессияға енгізілген барлық шешімдердің жобаларын бірауыздан қолдады.