«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, «Ардагерлер туралы»               2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес, Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

  1. Санаторлық-курорттық емделуді ұсыну түрінде ардагерлерді және «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарды (бұдан әрі – азаматтар) әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара белгіленсін.
  2. Анықталсын:

1) санаторлық-курорттық емделуге жолдамалармен қамтамасыз етуді «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады;

2) азаматтарға санаторлық-курорттық емделуді ұсыну олардың кезектілігі (тіркелуі) тәртібінде берілген өтініштерге және санаторлық-курорттық емделуге мұқтаждығы туралы денсаулық сақтау ұйымының қорытындысына сәйкес және тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджетте көзделген сома шегінде жүзеге асырылады;

3) санаторлық-курорттық емделуді ұсынуға құжаттарды ресімдеу, тіркеу және жолдамалар беру азаматтардың тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері (бұдан әрі – уәкілетті органдар) жүзеге асырады;

4) азамат санаторлық-курорттық емделуден бас тартқан жағдайда ақшалай өтемақы төленбейді.

3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.