«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес, Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

  1. Санаторлық-курорттық емдеу түрінде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шара белгіленсін.
  2. Санаторлық-курорттық емделу азаматтардың мынадай санаттарына (бұдан әрі – азаматтар) ұсынылады:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

4) еңбек ардагерлеріне;

5) «Ардагерлер туралы» 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында айқындалған басқа да адамдарға.

  1. Анықталсын:

1) санаторлық-курорттық емделуге жолдамалармен қамтамасыз етуді «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады»;

2) санаторлық-курорттық емделуді ұсынуға құжаттарды ресімдеу және тіркеу азаматтардың тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері (бұдан әрі – уәкілетті органдар) жүзеге асырады;

3) азаматтарға санаторлық-курорттық емделуді ұсыну олардың кезектілігі (тіркелуі) тәртібінде берілген өтініштерге сәйкес және тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджетте көзделген сома шегінде жүзеге асырылады;

4) санаторлық-курорттық емделуден өтініш беруші бас тартқан жағдайда ақшалай өтемақы төленбейді.

  1. Санаторлық-курорттық емделуді алу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

1) еркін нысандағы өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат;

3) санаторлық-курорттық емделуге мұқтаждығы туралы денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы;

4) егер осы азамат уәкілетті органда есепте тұрмаған жағдайда, азаматтың әлеуметтік мәртебесін растайтын құжат;

5) азаматтың заңды өкілі жүгінген жағдайда:

заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжат;

заңды өкілдің өкілеттіктерін растайтын құжат қоса беріледі.

Құжаттар салыстыру үшін түпнұсқада және көшірме түрінде ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берген күні өтініш берушіге қайтарылады.

  1. Әлеуметтік қолдау көрсетуден мына жағдайларда бас тартылады:

тапсырылған мәліметтер мен құжаттардың дұрыс еместігі;

осы шешімнің 4-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбау және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсыну.

  1. Санаторлық-курорттық емделуге жолдамаларды уәкілетті органдар денсаулық сақтау ұйымы берген санаторлық-курорттық картаның көшірмесі негізінде ұсынады.
  2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Сессия төрағасы                                               

 

Қостанай облыстық

мәслихатының хатшысы                                                         С. Ещанов