2019 жылғы 20 қарашада Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С. Е. Ещановтың төрағалығымен Қостанай облыстық мәслихатының алтыншы шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті.

Сессия жұмысына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Е. М. Спанов, облыстық мәслихат депутаттары, бірқатар облыстық департаменттердің басшылары, облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың, Қостанай облысының Қоғамдық кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияда барлығы 5 мәселе қаралды.

Мәслихаттың 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 347 «Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Г. Ғ. Мұсағазина сөз сөйледі.

Басқарма басшысы бюджетті нақтылау жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша жүргізілетінін хабарлады. Бюджетті нақтылаудың негізгі себебі мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша қалыптасқан үнемдеуді қайта бөлу, сондай-ақ бюджеттің кіріс бөлігінің азаюы болып табылады. Осы қаражатты келесі бірінші кезектегі шығындарға бағыттау ұсынылады: білім басқармасына – 35,0 млн.теңге Қостанай ауданының Надеждин орта мектебін күрделі жөндеуге; Денсаулық сақтау басқармасына – 46,8 млн. теңге облыстық аурухананың ғимаратын ангиографқа ағымдағы жөндеуге және «Көмек» бағдарламалық кешенін енгізуге. Бұл бағдарлама жедел медициналық көмек станцияларын жетілдіру үшін қажет, атап айтқанда: шақыруларды қабылдау және өңдеу, автокөлік мониторингі және диалог жазу. Бүгінгі күні жүйе 71% – ға енгізілген. Қазіргі уақытта жүйе облыстың 8 аудандары мен қалаларында енгізілді. Жедел жәрдем станциясының 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыруға көшуін жүзеге асыру үшін облыстың қалған 12 ауданында «Көмек» бағдарламалық кешенін енгізуді аяқтау қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына – 2019-2020 жылғы жаңа жылыту маусымын уақтылы және апатсыз өткізу және Арқалық қаласын үздіксіз жылытуды қамтамасыз ету мақсатында «Арқалық ЖЭК» МКК үшін отындық мазут сатып алуға 1 млрд. теңге. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына – 131,8 млн.теңге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қалаларда кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, оның ішінде: – 126,0 млн. теңге – Екінші деңгейдегі банктердің қаржыландыруымен мақұлданған 10 жаңа жоба бойынша кәсіпкерлерге шағын кредит беруге; – 5,8 млн. теңге – 4 микрокредит бойынша кепілдік беруге. Бұл қаражат «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға аударылатын болады, онда кейіннен оларды соңғы алушыларға беру үшін серіктес банктер арасында бөлінетін болады.

Депутаттар сессияға енгізілген барлық шешімдердің жобаларын бірауыздан қолдады.