KYDYRBEK / раб.стол / маслихат

 

 

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Облысымызда халыққа қызмет көрсететін 24 фронт-кеңсе орталықтары жұмыс істейді. Олардың қатарында Мамандандырылған ХҚКО мен Көші-қон қызметі орталығы бар. Ал жалпы Азаматтарға арналған үкімет ашылғалы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны 530-дан 634-ке дейін өсті (бұл саны реестрде тіркелген 742 қызметтің 85 пайызы). Оның ішінде 531 қызмет (71%) электрондық форматқа, яғни, автоматты тәртіпке көшірілген. Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылдың аяғына дейін оның үлесі 80%, ал 2020 жылдың соңында 9% болмақ. Осы және өңіріміздегі мемлекеттік қызмет түрін цифрландыруды одан әрі жетілдіру тақырыбы облыстық мәслихаттың кезекті мәжілісінде айтылды.

Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік қызметті автоматтандыру және оңтайландыру жағынан күнделікті жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік корпорация қызмет еткен 3 жыл ішінде жүздеген мемлекеттік қызмет оңтайланып, 117 қызмет толығымен реестрден алынып тасталған. Тұрғындарға қолжетімді әрі оңтайлы көптеген пилоттық жобалар енгізіліпті.

– Қазіргі таңда фронт-кеңсе қызметкерлері жұмысының негізгі әрі күрделі бөлігі – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. 2018 жылы осы бағытта «Цифрлық бөлім» ашылды. Ал «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электрондық үкімет және электронды мемлекеттік қызметтер» курс семинарынан оқу бағдарламасы әзірленді. Осы жыл аралығынджа цифрлық ХҚКО сыныбында 7 мыңнан астам адам оқып, арнайы сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру жөнінде облыстық әкімдікпен бірлесіп желілік кесте әзірледік. Бүгінгі таңда оқудан өткендер саны 21 мыңнан астам адамды құрап отыр. Бұл жоспардағыдан артық, яғни, азаматтардың өздігінен элетрондық қызмет алуға деген ұмтылысы артып келеді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҰАҚ филиалының фронт-кеңсе үйлестіру басқармасының басшысы Әсел Наурызбаева.

Смартфондардың көмегімен қызмет алатын тұрғындар саны артып келеді. Тлеграм-бот арқылы мемқызметтің 25 түрі қолжетімді. Бұрын азаматтардың egov.kz порталына кіруі мұң еді, қазір қалтафонға mgov мобильді қосымшасы мен EgovKzBot телеграм-бот жүктей алады. Басқарма басшысы 7 айдың өзінде 181,4 мың ЭЦҚ (электронды-цифрлық қолтаңба) беріп, мобильдік базаға 262 мыңнан астам адамды тіркегенін айтады. Айталық, сұраған қызметіңізді 2 минут ішінде орындап, электрондық поштаңызға салып жібере алатын EgovKzBot телеграм-бот роботына 19 мыңнан астам адам тіркеліп үлгерген. Ал mgov.kz мобильді қосымшасынан білім, денсаулық, жылжымайтын мүлік, отбасы және т.б. мемлекеттік қызметтің 90 түрін ала аласыз.

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметті қолжетімді әрі оңтайландыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. 55 мемлекеттік қызмет 21-ге дейін оңтайландырылды. Біз «бір терезе» қағидатынан – «бір арыз-өтініш» қағидатына көшіп жатырмыз. ХҚКО келіп жалғыз ғана өтініш жазсаңыз жеткілікті немесе сол өтінішті орталыққа бармай-ақ, электрондық портал арқылы ресімдеуіңізге болады. Осындай жолмен бір жарым жыл ішінде 2 мың баланың туу туралы куәлігі, жәрдемақы алу туралы 700 өтініш, 500 баланы балабақшаға тұрғызу қатарлы қызметтер орындалды. 2018 жылдан бастап зейнет жасына жеткен қазақстандықтар үшін де зейнетақыны ресімдеу де оңтайландырылды. Бұрын олар ХҚКО-ға келіп, зейнет жасына жеткені жөнінде және базалық зейнетақы төлеу жөнінде екі арыз жазатын. Бір айдан кейін мемлекеттік кепілдеме төлеу туралы және жинақталған қаражатты төлеу туралы өтініштермен жүгінеді. Қазір осы төрт қызметтің барлығына бір ғана өтініш жазса жеткілікті, – деді Ә.Наурызбаева.

Биыл 13 мамырда Қостанай қалалық әкімдігі жанынан мемлекеттік қызмет көрсету, жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдау, сұрақтарына жауап беру кеңес беруге арналған «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылған болатын. Орталық сәулет және құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, ветеринария, АХАТ бағыттары бойынша 9 салаға жауапты.

– «Ашық әкімдік» жобасы мемлекеттік органдардың қызмет көрсету жүктемесін азайтып, «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтерді көрсету жоспарланып отыр. Азаматтар мен бизнес өкілдеріне білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ТКШ, көлік, туризм және коммерциялық қызмет пен кері жауап алу мақсатында биылғы жылдың маусым айында «SmartQostanai» қосымшасы жүзеге асырылды. Тұрғындар смартфоннан AppStore және GooglePlayMarket мобильдык қосымшаларын жүктеп алып, мектептердегі сабақтардың тоқтатылуы, жолдың жабылуы қатарлы көптеген хабарламаларды алу мүмкіндігі бар. Қалалықтар әкімшілік айыппұлдар, темір жол, әуе билеттерін біле алады, коммуналдық төлем жасау, үйірмелерге жазылу, емханасына тіркелу, дәрігерге жазылу, жедел жәрдем шақыру, QR-код арқылы емделу парағының түпнұсқалығын анықтай алады, – деді облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және авхив басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікәрімов.

Қостанайда тұрғындардың өтініш-шағымын қабылдау, оқыс оқиға, тосын жайт, апат кезінде коммуналдық және жедел қызметтерді үйлестіру мен уақытында салдарын жою, құқық бұзу әрекеттерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ қаладағы жағдайды бейне бақылау камералары арқылы қадағалаудың барлығы iKomek жедел орталығында жүзеге асырылады. Азаматтар орталыққа 109 бірегей нөмірімен хабарласа алады. Қаланың 6000 бейне камерасы iKomek құзырына қарайды.

2022 жылға дейін мемлекеттік қызметтің үлесін 80 пайызға дейін жеткізу үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған екен.

– Балаларды балабақшалар мен бірінші сыныпқа электрондық тәртіпте қабылаған секілді, бұл жүйе колледжге түсушілерге де енгізілетін болады. Екіншіден, кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізіледі. Біз денсаулық сақтау саласының «қағазсыз медицина» бағытан ауысамыз. Осы жоба енгізілгелі учаскелік дәрігерге қаралатындар саны 1,5 есеге дейін қысқарды, – дейді Е.Әбдікәрімов басқарма басшысы.

Бұған қоса, қазір өңірлік геоақпараттық портал құру науқаны жүргізіліп жатыр екен. Геопортал жер телімін беру мен жобалауға қатысты 6 мемлекеттік қызметті автоматты жүйеге көшіру жұмысын атқарады.

Бұл айтылғандардың барлығы интернеті бар жерлерде қолжетімді. Депутаттар арасынан ғаламтор «өркениеті» жетпеген ауылдарда бұл мәселе қалай шешімін табады дегенсауал қойғандар бар. Е.Әбдікәрімов қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 53 елді мекенді жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді – 40 ауыл биыл, қалған 13 елді мекен келер жылы қосылады.

Тамыз айының басында Т.Булгацевич, Е.Смышляева, И.Дмитриева, Т.Қайкенов, С.Шанина бастаған облыстық мәслихат депутаттары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысымен танысу мақсатында өңіріміздегі бірқатар денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет нысандарын аралап қайтыпты. Депутаттар ондағы атқарылған жұмыстардың нәтіижесін көріп, заманауи құрал-жабдықтармен толықтыру қажет орындарды көзбен көрдік дейді. Осыдан кейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында қорытынды басқосу өткен.

 

Қыдырбек Қиысхан,

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.